17:22 Қазақстан

Бес өңірдің фермерлері Астанадағы Соғым Fest-ке ет жеткізеді

Астанада сенбі және жексенбі күндері өтетін «Соғым Fest» ет жәрмеңкесі 27-31 желтоқсан аралығында бес күнге ұзартылды. Елорда тұрғындары жәрмеңкеде ең қолжетімді ет өнімдерін, сондай-ақ жаңа жылдық дастарханға ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып ала алады, деп елорда әкімдігі хабарлады.

Ет өнімдерін жәрмеңкеге Ақмола, Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Абай облыстарының фермерлері жеткізеді. «Соғым Fest» бағасы нарықтық бағадан едәуір төмен болады. Жылқы еті бір килограмы үшін 2800 теңгеден, сиыр еті 3000 теңгеден, қой еті бір килограмы үшін 3000-3200 теңге, қаз еті бір килограмы үшін 2500 теңгеден сатылады.

Ет жәрмеңкесі Keryen Joly сауда орталығының тұрағында өтеді. Бұл күндері сауда орталығының өзінде қалалық ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Фермерлер мен өндірушілер Қазақстанның өңірлерінен Астанаға көкөністер мен жемістерді, ұн мен сүт өнімдерін, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді, табиғи шырындарды, тосаптар мен джемдерді тиімді бағамен әкеледі.