Қазақстанда индустриялық аймақтарға инвестиция тартудың жаңа тетігі іске қосылуда
Қазақстанда индустриялық аймақтарды жедел дамытуға және инвесторлардың ұзақ мерзімді қатысуы үшін орнықты жағдайлар жасауға бағытталған «Қолжетімділік үшін төлем» инвестицияларын тартудың жаңа тетігі енгізілді. Пилоттық жоба Батыс Қазақстан облысында «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығының аумағында іске асырылуда, онда шетелдік инвесторлардың қатысуымен шамамен 370 млн доллар сомаға 17 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы KAZAKH INVEST ҰК баспасөз қызметі хабарлады.
«Жаңа тетік индустриялық аймаққа қатысушылар мен мемлекет объектілерді пайдалануға бергеннен кейін шығындарды кейіннен кезең-кезеңімен өтей отырып, инвестор есебінен инженерлік инфрақұрылым салуды көздейді. Бұл тәсіл өндірістерді іске қосу мерзімдерін қысқартуға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін инфрақұрылымды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп ұлттық компанияда хабарлады.
Пилоттық жоба шеңберінде БҚО әкімдігі мен KAZAKH INVEST арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, ол индустриялық аймақ аумағында инвесторларды тарту және жобаларды іске асыру бойынша тараптардың өзара іс-қимылын бекітеді. KAZAKH INVEST индустриялық аймақтың операторы болады және инвесторларды сүйемелдеуді, жобаларды басқару мен үйлестірудің үздік халықаралық тәжірибелерін енгізуді қамтамасыз етеді.
Пилоттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша «Қолжетімділік үшін төлем» тетігін Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейту жоспарлануда.
«Бұл механизмнің іске қосылуы жаңа инвестициялық модельді қалыптастырады - жылдам, мөлдір және нәтижеге бағытталған. Біз инвестордың «таза алаңға» емес, дайындалған өнеркәсіптік алаңға келуіне жағдай жасаймыз», - деп атап өтті KAZAKH INVEST ҰК басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов.