16:04 Қазақстан

Қазақстан БАӘ-ге астық пен ет жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар ұсынды

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне агроэкспортты кеңейтуге ниетті. БАӘ климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрі Амна бинт Абдулла Аль-Дахак Аль-Шамсимен Дубайда өткен Gulfood 2026 Халықаралық тамақ өнеркәсібі көрмесінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров астық, майлы дақылдар мен ет өнімдерін жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды ұсынды, деп Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«БАӘ Таяу Шығыстағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша біздің елдеріміз арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 7%-ға өсті. Негізгі экспорттық тауарлар - қой еті, ірі қара еті, бұршақ дақылдары, бидай және басқа да ауылшаруашылық өнімдері. Біз БАӘ - ге экспортты, ең алдымен астық және оны қайта өңдеу өнімдері, майлы дақылдар, өсімдік майлары, ет және жемшөп өнімдері, соның ішінде халал және экологиялық таза өнімдер есебінен одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», - деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың қатысуымен ұзақ мерзімді экспорттық келісімшарттар жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Біз БАӘ-нің 2051 жылға дейінгі Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясын іске асыру шеңберінде БАӘ-нің ұзақ мерзімді серіктесі болуға дайынбыз. Өзара іс-қимылды жүйелі дамыту үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара тиімді жеткізуді және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бойынша 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Осы құжатқа қол қою екіжақты байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады», - деп атап өтті министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 13 қазақстандық кәсіпорын БАӘ-ге қызыл ет пен құс етін экспорттау құқығын алды. Сондай-ақ тірі ірі қара мен ұсақ малды, ет пен тауық жұмыртқасын жеткізу келісілді. Ветеринариялық талаптарды келісу бойынша жұмыс жалғасуда.

«Қазақстан - аграрлық саладағы сенімді серіктес. Біз агроөнеркәсіптік кешеніңіздің әлеуетін, өндірілетін өнімнің сапасын жоғары бағалаймыз. БАӘ азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және практикалық үйлестіру үшін жұмыс тобын құруға дайын», - деді өз кезегінде Амна бинт Абдулла Аль-Дахак Аль-Шамси.