Жамбыл облысының агробизнесіне салынған инвестициялар бір жылда 85 млрд теңгеге жетті
2025 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар көлемі 84,8 млрд теңгені құрады. Оның 65,8 млрд теңгесі азық-түлік өндірісіне бағытталды. Бұл туралы өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Инвестициялық қызмет шеңберінде жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылды, нәтижесінде 108 жаңа жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, жалпы қуаттылығы 30,3 мың тонна болатын алты көкөніс қоймасы, 2 мың басқа арналған екі бордақылау кешені, 1 мың басқа арналған тауарлық сүт фермасы, қуаттылығы 70 мың басқа арналған құс сою цехы, сондай-ақ жылдық қуаттылығы 11,6 мың тонна өнімді қайта өңдейтін төрт қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді», - деп басқармада хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға 46,9 млрд теңге бөлінген. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 514,7 млрд теңгені құрады. Бұл ретте өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2%-ға, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 1,9%-ға ұлғайды. Тірі салмақтағы ет өндірісі 133,3 мың тоннаға жетіп, 2,6%-ға, ал сүт өндірісі 230 мың тоннаға өсті, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,6%-ға артық.