Қазақстанда ауыл бизнесі үшін қаржыландыруға қолжетімділік жеңілдетіледі
Ұлттық экономика министрлігі ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрықтың жобасын дайындады. Өзгерістер ауыл кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге және қарыз алу кезіндегі кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Атап айтқанда, жеткілікті кепілмен қамтамасыз етілмеген қарыз алушылар үшін микрокредиттер мен лизингке кепілдік беру тетігін енгізу көзделеді. Бұл ауылда бизнесті бастау және дамыту үшін қосымша жағдайлар жасайды және мемлекеттік қолдау алушылар тобын кеңейтеді», - деп Ұлттық экономика министрлігінде хабарлады.
Микрокредит немесе лизинг алу үшін қажетті құжаттарды қоса тіркей отырып, цифрлық жүйедегі жеке кабинет арқылы электрондық өтініш беру керек.
Жобаларды іріктеу кезінде олардың басым бағыттарға сәйкестігі, жаңа жұмыс орындарын құру және жаңа техника мен жабдықтар сатып алу ескеріледі.
Түзетулер қабылданғаннан кейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамыту үшін қаржылық қолдау қолжетімді болады.