Әлемдік компаниялар Қазақстанның АӨК-не 1 млрд доллардан астам инвестиция салды
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне жетекші әлемдік компаниялар тарапынан 1 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл қаражат елдің бірнеше аймағында ауыл шаруашылығы шикізатын озық өңдеу және азық-түлік өндірісі бойынша ірі кәсіпорындарды іске қосуға жұмсалуда. Бұл туралы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІІ республикалық форумында мәлімдеді.
«Мемлекеттің мақсатты күш-жігерінің арқасында агроөнеркәсіптік секторға жетекші әлемдік компаниялар келе бастады. Мысалы, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарда және Шымкентте шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу және азық-түлік өндіру бойынша ірі кәсіпорындар іске қосылады. Бұл жобаларға жиынтық инвестициялар бір миллиард доллардан асты, бұл он мыңдаған жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, өткен жылы АӨК саласында 250 өндіріс ашылды.
Ол агроөнеркәсіптік секторды кешенді дамыту экономикалық саясаттың сөзсіз басымдығына айналғанын атап өтті.
«Соңғы жылдары саланы қаржыландыру бірнеше есе өсті. Атап айтқанда, өткен жылы фермерлерді жеңілдетілген несиелеуге алғаш рет бір триллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Аграршыларға мұндай күшті қолдау бұрын-соңды болған емес. Бұл ретте біз өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнімі ішкі қажеттіліктерді жабатын және шетелдік нарықтарда тұрақты сатылатын заманауи технологиялық аграрлық-индустриялық экономиканы қалыптастыру міндетін қойып отырмыз. Бұл өте маңызды», - деді президент.