11:43 Қазақстан

Қазақстанда егіс алқаптарының 77%-ы егілді

28 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 16,3 млн га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл жоспарланған көлемнің 77%-ын құрайды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктердің жедел деректері бойынша дәнді дақылдар 11,2 млн га, майлы дақылдар - 3,6 млн га, жемшөп дақылдары - 973,2 мың га аумаққа егілді.

Сонымен қатар, мақта 167,6 мың гектарға, картоп 116,9 мың гектарға, көкөніс дақылдары 112 мың гектарға, бақша дақылдары 81,1 мың гектарға, қант қызылшасы 22 мың гектарға егілді.

Ең белсенді егіс науқаны негізгі астық егетін аймақтарда өтеді. Ақмола облысында 4,1 млн га, Қостанай облысында - 3,7 млн га, Солтүстік Қазақстан облысында - 2,7 млн га егілді.

Егіс науқанын жүргізуге 133,9 мыңнан астам трактор, 5,6 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралдары жұмылдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артық.