Астанада ауқымды қымыз фестивалі өтеді
Астанада 11 және 12 шілдеде ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке және қазақ тағамдарына арналған BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Екі күн бойы гастрономияны, ұлттық спорт түрлерін, халық ойындарын, концерттерді, көрмелерді және отбасылық демалысқа арналған түрлі ойын-сауық бағдарламаларын қамтитын мазмұнды іс-шаралар өтеді. Фестивальдің басты оқиғасы – қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер өз өнімдерін ұсынып, келушілер ұлттық сусынды дайындау дәстүрімен танысып, қымыздан дәм тата алады.
Қонақтар сондай-ақ аспаздық шоуларды, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша шеберлік сабақтарын және «Ең үздік қазы» байқауын тамашалай алады.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басында Қазақстанда қымыз өндірісінің өсуі байқалды. Қаңтар-ақпан айларында 215 тонна өндірілді, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 тоннаға (11,8%) артық.
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 2025 жылы Қазақстанда қымыз өндірісі 1126 тоннаны (2024 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға аз), шұбат – 1425 тоннаны (+27,6%) құрады.