Қазақстанда Е-АӨК цифрлық экожүйесі іске қосылады
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Halyk агроөнеркәсіп кешенінің цифрлық экожүйесін (Е-АӨК) дамытуға бағытталған стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім саланы цифрлық трансформациялау жобаларын бірлесіп жүзеге асыруды, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді, аграршыларға арналған мемлекеттік қызметтерді дамытуды, сондай-ақ деректерді талдау технологиялары мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануды көздейді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство бүгінде елімізде агросектор үшін мемлекеттік қызметтер мен заманауи цифрлық шешімдерді біріктіретін ұқсас платформа жоқ екенін атап өтті. Halyk Bank жобаның инфрақұрылымын KazTech мемлекеттік платформасында орналастырады.
«Министрлік агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялау жөніндегі жұмысты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Halyk-пен әріптестік жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жеделдетуге, деректерді талдау мен жасанды интеллектің әлеуетін тиімді пайдалануға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдететін әрі ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыратын сервистерді әзірлеуге жол ашады», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Канафин.
Келісім аясында тараптар агроөнеркәсіп кешенінің ақпараттық жүйелерін бірлесіп дамыту және жаңғырту, деректерді өңдеудің заманауи технологиялары мен жасанды интеллект құралдарын енгізу, сондай-ақ жаңа цифрлық сервистерді әзірлеу жөнінде уағдаласты. Цифрлық мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады.