14:29 Қазақстан

Ақмола фермерлеріне электр энергия тарифтерін 35%-ға көтерді

ААЭК компаниясы тамыз айында Ақмола облысындағы заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифті күрт көтерді, бұл егін жинау кезеңінде астықты кептіруге фермерлердің қосымша шығындарына әкеп соғады. «Камышенка» компаниясының атқарушы директоры Уәлихан Ілдебаев ElDala.kz порталына хабарлағандай, оның шаруашылығында тарифтер 1,35 есеге – яғни кВт/сағ үшін 48 теңгеден 65 теңгеге дейін өсті. Аймақтағы фермерлер бағаның мұндай күрт өсуін қайта қарауды сұрап, мемлекеттік органдарға өтініштер жолдап жатыр.

«Тарифтің көтерілуі егін жинау маусымының басталуымен тұспа-тұс келді – бізде егін дәл тамыз, қыркүйек және қазан айларында жиналады. Бұл кезеңде астық бастыратын алаңдар мен кептіргіштер толық қуатында жұмыс істейді, сондықтан алдыңғы тарифтен шамамен 1,5 есеге жоғары есептелген жалпы шығын қомақты болмақ. Бұл фермерлерге, әсіресе қуаңшылық салдарынан өнімділіктің төмендігі және өнімімізге лайықты бағаның болмауы жағдайында, ауыр қаржылық жүктеме түсіреді», – деді Уәлихан Ілдебаев.

«Камышенка» ЖШС өсімдік шаруашылығымен ғана емес, сүтті мал шаруашылығымен де айналысады. Яғни, жыл бойы фермада сүтті салқындату және сақтау үшін сауу залдары мен сүт цистерналары жұмыс істейді.

Электр энергиясына тарифтердің күрт өсуі өңірдің барлық шаруашылықтарының экономикасына әсер етеді. Қазір дәнді және майлы дақылдарды жинау, жемшөп дайындау жалғасуда. Қысқы кезеңде машина-трактор шеберханалары іске қосылады, онда келесі далалық маусымға техника дайындалады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақмола облысында барлығы 8,2 мың агроқұрылым жұмыс істейді. Өңірдің кәсіпкерлері тарифтің күрт өсуіне байланысты мемлекеттік органдарға жеке және ұжымдық өтініштер жаза бастады.

«Биылғы жыл фермерлер үшін қиынға соқты. Әдетте, өнім көлемі аз болғанда астық бағасы көтеріліп, шығынды өтеуге мүмкіндік беретін. Алайда биыл жағдай басқаша. Келесі жылы мол өнім алу үшін жаңа техника мен сапалы тұқымға қаржы бөліп, сондай-ақ жұмысшылардың жалақысын көтеруіміз қажет. Дегенмен, енді сол қаражаттың бір бөлігін электр энергиясы үшін төлеуге жұмсауға тура келеді», – деп түйіндеді Уәлихан Ілдебаев.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі Қазақстандағы 60 энергия өндіруші ұйым үшін шекті тарифтердің қайта қаралғаны туралы хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, тарифтерді көтеру тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету және өндіруші қуаттарды жоспарлы жаңғырту мақсатында мақұлданған. Жаңа тарифтер 10 қыркүйектен бастап енгізіледі.