13:34 Қазақстан

Қазақстанда фермерлер үшін салық жеңілдіктері қайта қаралуда

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне түзетулер топтамасын әзірледі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ҚҚС бойынша қосымша есепті кезең-кезеңімен төмендету көзделген.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, әзірленген заң жобасында «ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған ҚҚС-ты есепке жатқызудың қосымша 80%-дық мөлшерін кезең-кезеңімен төмендетіп, кейіннен бұл тетікті 2035 жылға қарай толығымен жою» ұсынылады.

Сонымен қатар, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін ҚҚС бойынша бұрынғы нормативтерді қайтару жоспарлануда. Мұндай шешім маусым айында жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау кезінде есепке жатқызылатын ҚҚС сомасы 80%-ға азайды. Бұл экспорттаушылар жұмысының табыстылығына күрт әсер етті және оларды Қазақстан нарығында астық сатып алу бағасын төмендетуге мәжбүр етті.

«Баға белгілеудің қалыптасқан нарықтық құрылымын ескере отырып, көрсетілген салық жүктемесі сыртқы сатып алушыға толық көлемде ауыстырыла алмайды. Сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекелестік жағдайында бұл АШТӨ-ден сатып алу бағасын төмендету арқылы оны ішкі нарыққа көшіруге әкеп соғады. Экспорттаушы жаңа ережелерге бейімделіп, ҚҚС-ты өтеу бойынша шектеулерді ескере отырып, сатып алу саясаты мен баға шарттарын қайта қарау арқылы туындаған шығындарды өтеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде негізгі қаржылық жүктеме іс жүзінде АШТӨ-ге ауыстырылды», - деп атап өтті Ұлттық экономика министрлігі.

Бұл өз кезегінде фермерлерге ҚҚС бойынша жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдауды теңестіреді (-80%). Осылайша, Салық кодексінің 484-бабына өзгерістер енгізіледі (Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету).

«2026 жылғы 18 маусымда жаңа Салық кодексін іске асыру жөніндегі жобалық кеңсе 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетіндей етіп, Салық кодексінің 484-бабының 2-тармағының 7) тармақшасы мен 5-тармағының екінші абзацын алып тастау, сондай-ақ аталған баптың 4-тармағынан 2-тармақтың 7) тармақшасына сілтемені алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұдан басқа, Салық кодексінің 484-бабы 5-тармағының екінші бөлігіне сәйкес есепке жатқызылатын және 80%-ға азайтылған ҚҚС сомасын қалпына келтіру тетігін көздейтін өтпелі ережелер регламенттелсін», - деп түсіндірді Министрлікте.

Салық кодексіне түзетулер жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.