Қазгидрометте Эль-Ниньоның Қазақстанға әсері туралы айтылды
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, Эль-Ниньо құбылысы күшеюін жалғастырып жатыр және оның шарықтау шегі 2026 жылдың соңына сәйкес келеді. Бұл ретте аталған құбылыстың жаһандық ауа райы мен климаттық үдерістерге әсері 2027 жылдың басында да сақталуы мүмкін. Эль-Ниньоның Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы Қазгидрометте айтып берді.
«Қазақстан аумағында ауа температурасына қатысты Эль-Ниньо құбылысымен тұрақты байланыс анықталған жоқ. Елдегі температуралық режим, әсіресе солтүстік және шығыс өңірлерде, Арктикалық және Солтүстік Атлантикалық тербелістердің жағдайымен, Сібір антициклонының белсенділігімен және басқа да циркуляциялық үдерістермен көбірек байланысты», – деп атап өтті синоптиктер.
Эль-Ниньо Тынық мұхитының тропикалық бөлігінде қалыптасады, ал Қазақстан климатына ол жанама түрде әсер етеді – атмосфералық ауқымды циркуляцияның, циклондардың қозғалыс траекторияларының және Еуразия үстіндегі ауа массаларының тасымалдануының өзгеруі арқылы.
Сонымен қатар, Қазгидрометтің 1951–2025 жылдар аралығындағы бақылау деректеріне жүргізілген талдау Эль-Ниньо кезеңдерінде Қазақстанның жекелеген оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде суық мезгілдегі жауын-шашынның таралуында белгілі бір заңдылық бар екенін көрсетті.
«Бұл заңдылық Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында айқын байқалады. Елдің солтүстік өңірлеріне қарай бұл тәуелділік әлсірейді», – деп нақтылады Қазгидрометте.
Алайда жалпы алғанда, көпжылдық бақылаулар Қазақстан аумағындағы ауа температурасы мен жауын-шашынның таралуына әртүрлі атмосфералық үдерістердің жиынтық әсер ететінін көрсетеді.