08:30 Қазақстан

Тоқаев Кореяға бірлескен азық-түлік кластерін құруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының бизнес өкілдеріне тамақ өнеркәсібі саласында бірлескен жобалар құруды ұсынды. Ол 2025 жылы Қазақстан рекордтық астық өнімін – шамамен 27 млн тоннаны жинағанын атап өтті. Агроөнеркәсіптік өнім экспорты әлемнің 70-тен астам еліне жүзеге асырылып, 7 млрд долларға жетті. Қазақстанда астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында үлкен мүмкіндіктер бар. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстанның жер ресурстары бар, ал Корея – жоғары тиімді әрі технологиялық ауыл шаруашылығы саласындағы мойындалған көшбасшы. Біздің бәсекелестік артықшылықтарымызды біріктіріп, өнім өндіруге, терең өңдеуге және оны сыртқы нарықтарға экспорттауға бағытталған бірлескен тамақ өнеркәсібі кластерін құру ұсынылады. Қазақстан кореялық компанияларға сыйымды нарықты ғана емес, өндірістерді орналастыруға, технологияларды енгізуге және Еуразия құрлығының нарықтарына шығуға кең мүмкіндіктер ұсынады. Бұл кореялық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бүкіл өңірге нақты мультипликативтік әсер береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммиті барысында.

Мемлекет басшысы Кореяға сапары аясында жалпы сомасы шамамен 19 млрд доллар болатын 80-ге жуық коммерциялық келісімге қол қойылғанын да атап өтті. Қазақстанның үкіметі бизнес жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын мұқият бақылап, кореялық бизнеске жан-жақты қолдау көрсететін болады. Осы мақсатта Қазақстан мен Кореяның 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының Кешенді бағдарламасы әзірленеді.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Корея Республикасына сапар аясында қазақстандық Shin-Line Group пен Кореяның тамақ өнеркәсібі кластерін дамытуға жәрдемдесу институты (Korea Food Cluster Promotion Agency) Қазақстанда заманауи азық-түлік кластерін құруға және дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Келісім аясында оңтүстіккореялық тарап кешенді консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетеді.

Ынтымақтастықтың негізінде Чоллабук-до провинциясының бірегей тәжірибесі жатыр. Мұнда мемлекеттік Foodpolis азық-түлік кластері орналасқан. Бұл алаңда әлемдегі және ұлттық деңгейдегі ірі азық-түлік өндірушілерінің өндірістік қуаттары, ғылыми-зерттеу зертханалары мен инновациялық орталықтары шоғырланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қол қойылған келісім тікелей қаржылық инвестицияларды немесе мүліктік міндеттемелерді көздемей, тек қана стратегиялық және консультациялық сипатта болатынын атап өтті.

«Біз кореялық тәжірибені пайдалану және Қазақстанда жұмыс істейтін азық-түлік кластерінің моделін бірлесіп әзірлеу үшін Foodpolis компаниясымен меморандумға қол қойдық. Біз үшін тек бір ғана платформа емес, өндірушілер технология мен тәжірибе жинақтай алатын, өңдеуді дамыта алатын және жаңа нарықтарға шыға алатын тұтас экожүйе құру маңызды. Бұл ұзақ мерзімді жоба, сондықтан жұмысты кореялық тәжірибенің үздік үлгілерін зерделеу және бейімдеуден бастаймыз», – деді Shin-Line Group президенті Андрей Шин.