Батыс Қазақстанда 12 мың гектар көлтабанды суаруға арналған су қоймасы салынады
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында Үлкен Өзен өзенінде су қоймасын салу жобасы жүзеге асырыла бастады. Сыйымдылығы 28,4 млн текше метр болатын нысан 12 мың гектар көлтабанды суаруды қамтамасыз етеді. Болашақта суармалы жер көлемін 20 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба Ислам даму банкінің (ИДБ) қолдауымен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар ИДБ қолдауымен облыста Бітік су қоймасын және төрт магистральдық каналды реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл жобалар шамамен 28,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық жобада суды автоматтандырылған есепке алу элементтерін енгізу қарастырылған.
«Су саласындағы мәселелерді шешу орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, су шаруашылығы ұйымдары мен су пайдаланушылардың бірлескен іс-қимылын талап етеді. Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге, су ысырабын азайтуға, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімдірек суаруға және елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған», – деді Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуде ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.