09:15 Қазақстан

Қазақстанда фермерлікті дамытуға кедергілерді атады

Қазақстандағы фермер әйелдер агробизнесті дамытуда қаржы тапшылығы, өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулі болуы және кәсіби құзыреттер деңгейінің жеткіліксіздігі сияқты кедергілерге тап болады. Мұндай қорытынды Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) Women in Agriculture Development Initiative (WADI) бастамасы аясында жүргізген зерттеуінде жасалған.

АҚИҰ мәліметінше, сауалнамаға Қазақстанның 17 өңірінен 477 әйел қатысқан. Қатысушылардың 53%-дан астамы өз шаруашылығын немесе бизнесін дамытудағы басты кедергі ретінде жеке қаражаттың жетіспеушілігін атаған. Әрбір үшінші әйел несие алу кезінде қиындықтарға тап болады.

Сонымен қатар әйелдер заманауи технологияларды енгізуге үлкен қызығушылық танытып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (49,5%) заманауи ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланғысы келеді. Алайда респонденттердің 60,2%-ы технологиялық жаңғыртуға басты кедергі жабдық сатып алуға қаржының жетіспеуі екенін мойындаған.

Тағы бір мәселе – өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулілігі. Респонденттердің 44,2%-ы өнім өткізу нарықтары мен логистикаға қол жеткізе алмайтынын айтқан. Ал 43,4%-ы тұқым, тыңайтқыштар мен ветеринариялық препараттарға, 41,5%-ы суару және сумен жабдықтау жүйелеріне қолжетімділіктің шектеулі екенін көрсеткен.

Зерттеу нәтижелері агробизнестегі әйелдердің қаржылық қолдаумен қатар, білім алуға да ұмтылатынын көрсетті. Ең сұранысқа ие оқу бағыттары – қаржылық сауаттылық (46,1%) және кәсіпкерлік (45,5%). Бұл әйелдердің тек субсидия алуға ғана емес, өз бизнесін ұзақ мерзімді дамытуға да мүдделі екенін аңғартады.

Зерттеу нәтижелеріне түсініктеме берген АҚИҰ бас директоры аппаратының жетекшісі Азамат Бердібай алынған мәліметтер Қазақстанның агроазық-түлік секторындағы әйелдерді қолдаудың нақты шараларын әзірлеуге негіз болуы тиіс екенін атап өтті.

«Климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру қажеттілігі мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен жеке сектордың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өндірісіне, өнімді өңдеуге, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатын әйелдердің қатысуы ерекше маңызды», – деді Азамат Бердібай.

Women in Agriculture Development Initiative (WADI) – Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің агроазық-түлік жүйелеріндегі әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бастамасы. Бағдарлама әйелдердің қаржыландыруға, заманауи технологияларға, оқытуға, өткізу нарықтары мен кәсіби желілерге қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етіп, инклюзивті әрі тұрақты агроазық-түлік жүйелерін дамытуға бағытталған. Қазақстанда WADI аясында агроазық-түлік секторындағы әйелдердің жағдайына арналған алғашқы ұлттық зерттеу жүргізілді. Оның нәтижелері фермер әйелдердің нақты қажеттіліктеріне жауап беретін практикалық ұсынымдар әзірлеуге және пилоттық жобаларды іске асыруға негіз болады.