15:48 Қазақстан

Қазақстанда жылы әрі жауын-шашынды қыс күтіледі

Қазақстанда алдағы қыс салыстырмалы түрде жылы болып, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады деп болжануда. Дегенмен елдің солтүстік-батысының, солтүстігінің, солтүстік-шығысының және Орталық Қазақстанның жекелеген аудандарында жауын-шашын климаттық нормадан көп түсуі мүмкін. Бұл туралы Қазгидрометтің 2026 жылғы қараша мен 2027 жылғы наурыз аралығына арналған болжамында айтылған.

Болжамға сәйкес, желтоқсан айында елдің бүкіл аумағында ауа температурасы нормадан 2° жоғары болады деп күтілуде. Қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде температура климаттық нормадан 1–2°-қа, ал ақпанда 1–3°-қа жоғары болуы мүмкін. Ерекшелік солтүстік-батыс, солтүстік және шығыстың кейбір аудандары болады. Бұл өңірлерде ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады деп болжануда.

Желтоқсанда елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға сай болады. Ал солтүстік, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көп түсуі мүмкін. Қаңтарда батыстың жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары, ал оңтүстік пен орталықтың бірқатар облыстарында нормадан төмен болады деп күтілуде. Ақпанда Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашын нормадан көп түсуі ықтимал.

Қыс мезгілінде кей жерлерде боран соғып, жел екпіндейді, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Температураның жиі құбылуына байланысты қар жамылғысының бетінде мұз қабығы да қалыптасуы ықтимал.

Қараша айы да әдеттегіден жылы болады деп болжануда. Алдын ала болжам бойынша, ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2° жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері негізінен норма шегінде күтіледі. Алайда солтүстік, солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың жекелеген аудандарында жауын-шашын әдеттегіден көп түсуі мүмкін.

Қараша айының басында елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде ауа температурасы 0-ден +5°-қа дейін, күндіз +5-тен +16°-қа дейін болады деп күтілуде. Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнде +5-тен +15°-қа дейін, күндіз +15-тен +25°-қа дейін болады деп болжануда.

Батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде, керісінше, ауа температурасының түнде 0,-7°С дейін, күндіз 0,+5°С дейін, оңтүстік станцияларда түнде -2+3°С дейін, күндіз +3+10°С дейін төмендеуі күтіледі.

Екінші және үшінші онкүндіктерде температуралық фонның тұрақсыз фоны күтіледі, жиі ауытқулар болады: елдің солтүстік жартысында түнде -1-13°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +1+10°С-тан 0, -8°С-қа дейін, елдің оңтүстік жартысында түнде 0, -5°С +2+10°С дейін, күндіз 0,+5°С-тан +7 +15°С-қа дейін. Алайда, жекелеген күндері елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында түнгі ауа температурасының -10-18°С дейін төмендеуі күтіледі.