Ауыл шаруашылығы министрлігі қайта өңдеуді ауқымды жаңғыртудың басталғанын мәлімдеді
Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін ұлғайтып, ішкі нарықта ғана емес, халықаралық өндірістік тізбектерде де сұранысқа ие өнімдер шығаруға басымдық беріп отыр. Негізгі назар астықты терең өңдеуге, май және тоңмай өнімдері, ет және сүт өнеркәсібін дамытуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және дайын өнім экспортын арттыруға аударылған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, елде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі артып келеді. 2023–2025 жылдары ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық сияқты негізгі өнім түрлерін өңдеу көрсеткіші 35%-дан 64%-ға дейін өсті. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу міндеті қойылды. Осы мақсатта жеңілдетілген қаржыландыру, инвестициялық субсидиялар, салықтық жеңілдіктер және отандық шикізатты сатып алуды ынталандыру шараларын қоса алғанда, бірқатар қаржылық және инвестициялық қолдау тетіктері қарастырылған.
2024–2026 жылдары өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталды. Саланы дамытудың тағы бір тетігі – Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басқа өңірлерге тарату бағдарламасы. Бағдарлама аясында жалпы құны 42,3 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған 39 инвестициялық жоба қаржыландырылды.
Ең келешекті бағыттардың бірі – астықты терең өңдеу. Қазақстан алдағы жылдары бұл саладағы өндірістік қуаттарды едәуір арттыруды жоспарлап отыр. Жыл сайын шамамен 510 мың тонна астық терең өңдеуге жіберіледі. Қазір елде крахмал өнімдерін, глютен мен биоэтанол өндіретін үш мамандандырылған кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы шамамен 152 мың тонна крахмал өнімі өндірілсе, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл көрсеткіш 97,9 мың тоннаны құрады.
Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Ақмола облыстарында және Астанада крахмал, глютен, шәрбаттар, биоэтанол және басқа да терең өңделген өнімдер өндіруге бағытталған алты жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың жалпы құны – 4 млрд доллар. Жаңа кәсіпорындар крахмал, глютен, шәрбаттар, биоэтанол, мал азығына арналған компоненттер және басқа да жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарады. Кейбір жобалар іс жүзінде іске асырыла бастады: «Қазкрахмал» кәсіпорны пайдалануға берілді, ал Fufeng жобасы бойынша алғашқы өнім алынды.
Ет және сүт өнеркәсібінде шамамен 210 ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылы ет консервілерін өндіру көлемі 48,3%-ға өсті.
Жүнді, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу және құрама жем өндіру бағыттарында да жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Бұл салаларды дамыту ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға және қазақстандық өнімдердің түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Өңдеу көлемінің өсуі сыртқы сауда көрсеткіштерінен де байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнім экспорты 3,6 млрд долларға жетіп, бір жылда 35,3%-ға өсті. Оның аграрлық экспорттағы үлесі 52% деңгейінде сақталды. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу міндеті қойылған.