10 марта 2020 Қазақстан

Қазақстан Ресейден және Ираннан жеткізілген 560 тонна ауылшаруашылық өнімдерді кіргізбеді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің  өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары 2020 жылдың 17-24 ақпан аралығында елімізге РФ мен Ираннан  фитосанитарлық қауіпті өсімдік өнімдерін заңсыз алып кірудің 26 фактісін анықтаған.  
Бұл туралы аграрлық саланың баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада РФ-тан фитосанитарлық сертификатсыз 54 тонна сәбіз, 10 тонна қырыққабат, 40 тонна картоп және қызылша, 20 тонна бидай, 19,5 тонна жеміс, сонымен қатар 2 мыңдай гүл кіргізілмек болғаны айтылады. Ал Ираннан фитосанитарлық сертификатсыз174 тонна алма және 249 тонна кептірілген жеміс кіргізілмек болғаны хабарланды.

 Өсімдік карантині саласындағы заңнама талаптарына сәйкес аталған өнімдер Қазақстан Республикасының аумағына кіргізілуге тиым салынған болатын. Ал кінәлі тұлғалар ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 400 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Аталған жағдайға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің  мемлекеттік инспекторлары Ресей Федерациясынан манго және АҚШ-тан түрлі дәндерді кіргізбеген еді.

Сонымен қатар Ресей Федерациясынан фитосанитарлық сертификатсыз 2 тонна күнжіт дәнін, 20 тоннадан астам грек жаңғағы, құрма, кептірілген манго, 39 тонна картоп, 67 тонна күнбағыс өткізбек болған еді.Сондай-ақ жарамсыз фитосанитарлық сертификатпен 2,3 мың тонна арпа кіргізбек болған жағдайлар анықталған.

Атап айтарлық тағы бір жағдай, сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанға шетелден жыл сайын  $600-700 млн сомаға көкөністер мен жемістер кіргізіледі, негізінен Өзбекстан мен Қытайдан келеді, ал экспортқа 10 есе аз шығарылады.