Kusto Group және Tyson Foods Қазақстандағы жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті
Қазақстан мен АҚШ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара ынтымақтастық іс-шаралар жайында Global AgConnect онлайн-конференция барысында талқыланды. Аталған кездесуді Небраска (АҚШ) штатындағы экономикалық даму департаменті және Valley Irrigation ұйымдастырды. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы хабарлады.
Кездесуге бірқатар ірі компаниялардың өкілдері қатысты: Valley Irrigation, Tyson Foods, Kusto Group, Global Beef Consultants және басқалары. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы келешегі туралы KAZAKH INVEST-тің АҚШ-тағы шетелдік өкілі Ғалымжан Матаев таныстырды.
«Біз үшін ең негізгісі ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу үшін: ет пен сүтті, картопты, қант қызылшасын, майлы дақылдарды, жемістерді, көкөністерді өңдеуге шетелдік инвесторларды шақыру болып табылады. Өңдеу секторынан басқа, Қазақстанның жылыжай нысандарын дамытуда үлкен мүмкіншілігі бар. Бұл экспорттық бағыт ретінде де, маусымаралық кезеңде халықтың ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру тұрғысынан да тиімді. Инвесторлар елімізде ең алдымен өндірістің өндірілуіне және кластерді дамыту перспективасына назар аударуы тиіс», - деді ол.
Тақырыпқа байланысты оқу: Трансұлттық компаниялар Қазақстандағы бірнеше «ет өндіру» жобаларына қатысатын болады
Ғ.Матаев атап өткендей, Қазақстан үшін ірі компаниялармен ынтымақтастықта тек шетелдік тікелей инвестицияларды тарту емес, сонымен қатар технологиялар мен басқару тәжірибесін алу, еңбек өнімділігінің өсуі, сыртқы нарыққа шығу және әлемдік құндылықтар тізбегіне ену.
Өз кезегінде, Tyson Foods және Kusto Group өкілдері агроөнеркәсіптік кешеннің қазақстандық секторын дамытудың мүмкіндіктері мен перспективалары туралы айтты. Сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істеудегі жеке тәжірибелерімен бөлісті. Олардың пікірінше, Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторды дамытуда әлеуеті орасан зор.
Іс-шара нәтижесінде қатысушылар екі елдің бизнес өкілдері арасындағы өзара тиімді қатынастардың одан әрі дамуына сенім білдірді.
Global Ag Connect Небраска мен АҚШ-тағы ауыл шаруашылық компанияларын болашақ халықаралық серіктестік үшін байланыстырады. Global Ag Connect тәжірибе алмасуға және әлемдегі ауыл шаруашылықты дамытудың қазіргі мүмкіндіктерін талқылауға, сондай-ақ АҚШ пен шетелдік кәсіпкерлер арасында жаңа серіктестік қатынастарды дамытуға шақырады.