Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізілетін болады
Ауыл шаруашылығы, әділет министрліктері, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш кәсіпорындары бірлесе отырып жер мен ғимараттарды тіркейтін «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» (БМЖМК) деп аталатын ақпараттық жүйені құру үстінде. Аталған жұмысты орындаушы - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы. Бұл туралы Сенат депутаттары тобының сауалына жауап берген, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлімдеді.
Үкімет басшысы атап өткендей, БМЖМК АЖ картографиялық ақпарат пен кеңістіктік деректерді жүргізу мен басқаруды, жер учаскелерінің, ғимараттардың, құрылыстары және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің орналасқан орны туралы деректерді «электрондық үкімет» порталында жариялауды қамтамасыз етеді. Бұл АЖ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде нарық қатысушыларына коммерциялық қызметтерді ұсыну, мәмілелер жасау мен жылжымайтын мүлікке қатысты операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды электронды түрде жүргізу үшін пайдаланылатын болады.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстанда жер учаскелері біріңғай электронды кадастрға енгізіледі
Сонымен қатар БМЖМК АЖ қолданыстағы инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігі бар (АПЗ және техникалық шарттарды алу) және бір уақытта жер учаскелерін берудің жаңа тәртібін қол жетімді етеді.
«Қазіргі уақытта жер учаскелерін тікелей беру немесе конкурстар арқылы беру жүргізіледі, оның ішінде электронды түрде берудің жаңа тәртібін қарастыратын тиісті заң жобасы әзірленді. Тікелей беруді қамтамасыз ету тетігі жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарында БМЖМК АЖ (бос жер учаскелері) «Қоғамдық картасынан» жер учаскесін таңдау арқылы жүзеге асырылады», - деді Асқар Мамин.
Қазіргі уақытта заң жобасы Президент Әкімшілігіне келісуге жіберілді.