Тоқаев 2025 жылға дейін ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру туралы міндет қойды
Қазақстанда өнімділікті арттырып, экспортты ұлғайта отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа моделін құру қажет. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХХ съезінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Біз саланы дамытудың жаңа моделіне көшуіміз керек. Қаржылық және қаржылай емес қолдаудың барлық құралдарын стратегиялық мәселелерді шешуге бағыттау қажет және толығымен цифрландыру маңызды. 350 мың фермер мен үй шаруашылықтарын қатыстыра отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге және өңдеуге арналған жеті ірі экожүйе құрылады. Бұл жаңа жұмыс орындары және ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс», - деді Мемлекет басшысы.
Тақырыпқа байланысты оқу: Мұқаш Искандиров: Субсидияны жыл сайын белгілі бір компаниялар ғана алуда
Президент 600 мың гектардан астам жаңа суармалы жерді игеру бойынша шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін үштен біріне, ал экспорт көлемін 2 есеге арттыру міндеті қойылды.
Жалпы, Тоқаев Қазақстан бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалған, ең дамыған елдердің қатарына енуі керек деп атап өтті.
«Кез-келген заңсыз кедергілер ауыр қылмыс болып саналады. Сондай-ақ, біз тікелей шетелдік инвестиция көлемін жылына 30 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.