Қазақстанда пестицидтерді сертификаттауға қойылатын талаптар қайта қаралатын болады
Қазақстанда әр сала одақтарының ұсынысы бойынша пестицидтерді импорттап елге әкелген кезде қауіпсіздік туралы техникалық талап бойынша қайта сертификаттау шарты қайта қаралатын болады. Бұл талаптар Қазақстанда ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қолданылады, деп хабарлады Қазақстанның астық одағы.
Аталған одақтың мәліметтері бойынша, бұл саладағы мекемелердің дайын еместігінен импортталатын пестицидтерді қайта сертификаттау талаптарын өзгерту мүмкін емес: себебі елде аккредитациядан өткен зертханалар жеткіліксіз, зерттеу жүргізуге қажетті стандарттарды алу шектеулі, сертификаттар ұзақ мерзім дайындалады.
«Техникалық регламентте көрсетілген талаптарды орындау өнімдердің кешігіп жеткізілуіне әсер етеді, елдегі тапшылыққа және соның салдарынан импортталатын өсімдіктерді қорғау құралдарының қымбаттауына әкеледі», - деп хабарлады Одақ мүшелері.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстандағы пестицид жеткізуші ірі ТОП компаниялар
Осы жағдайға байланысты, алдағы көктемде тұқымдарды дезинфекциялау үшін және пестицидтер тапшылығын болдырмау мақсатында Астық одағы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне техникалық регламенттің осы талабын жою немесе кейінге қалдыру туралы ұсыныс айтып, жүгінді.
15 желтоқсанда Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, Астық одағы мен АӨК өкілдерінің қатысуымен жиналыс ұйымдастырылды.
«Аталған мәселені талқылау барысында қатысушылар бұл техникалық талаптарды мүлтіксіз орындау мүмкін еместігін айтты, сонымен қатар алдағы егіс науқанына кері әсер етеді деген қорытындыға келді», - деп атап өтті Одақ.
Кездесу нәтижесінде мемлекеттік органдар мен АӨК өкілдерінің қатысуымен техникалық регламенттерге өзгерістер мен толықтырулар жасауды жедел түрде бастау туралы шешім қабылданды.