09 июня 2021 Қазақстан

АШМ жыл соңына дейін субсидиялар бойынша қарыздарды жабуды жоспарлап отыр

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа субсидияларды төлеудің кешіктіріліп жатқаны туралы мәселе халық алдындағы есептік кездесуде қойылды. Аграршылардың айтуынша, бүгінде Ақмола облысында 19 млрд теңгеден астам қаражат жетіспейді.

«Қазір Үкімет тарапынан кәсіпкерлер алдында субсидиялар бойынша қарызды жабу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. 2019 жылдың соңында 2-3 жылда жинақталған қарыздарды өтеу үшін 87 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілері алдындағы барлық қарыздарды толығымен жабу үшін қосымша қаражат бөлінді», - деді министр.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда субсидия төлеу үшін қаражаттың жетіспеушілігі мәселесі тағы да туындап отыр.

«Қазір кезде біз бұған дейін айтылған сомалар бойынша қарыздарды жабатын боламыз. Қалған қаражатты бюджетті екінші рет бекіту кезінде жоспарлаймыз. Біз биылғы жылды қарызсыз аяқтауға тиіспіз», - деп қорытындылады сөзін Сапархан Омаров.