ҚР-да тез бұзылатын жүктерді тасымалдауға арналған вагон-термостар сатып алынды
«Изотранс Қазақстан көлік компаниясы» ЖШС тез бұзылатын жүктерді тасымалдау үшін 65 изотермиялық термос вагон сатып алды. Алғашқы 15 вагон компанияға жеткізілді. Бұл туралы жобаны қаржыландырған Өнеркәсіпті дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Вагондарды жасап шығарған ТМД аумағындағы осындай көліктерді шығарумен айналысатын «Cool Infinity» ЖШС болып табылады. Қалған вагондар ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін жеткізіледі.
«Бұл вагондар сыртқы ортадағы ауаның жоғары және төмен температураларының әсерінен қорғайды, мұндағы өнімдерді 10 тәулікке дейін сақтауға болады, онда термиялық дайындалған (мұздатылған, салқындатылған немесе жылытылған) және биологиялық жылу бөлмейтін тез бұзылатын жүктер тасымалданады, сондай-ақ тез бұзылмайтын азық - түлік және басқа да жүктерді тасымалдауға болады», - деп түсіндірді аталған қор қызметкерлері.
Тақырыпқа байланысты оқу: Өнім өндірушілер субсидиялардың берілу тәсілдеріне наразылық білдіруде
Жаңа вагондарды пайдалану отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы болады, әртүрлі елдерден тұтынушыға дейін өнімді жеткізудегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді және жалпы алғанда сауда инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.