БҚДА ауыл шаруашылығы техникасы мен тыңайтқыштарының бағасын тексеруді бастады
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар бағасының өсуінің негізділігіне талдау жасай бастады.
"Талдау шеңберінде нарыққа қатысушылардың құрамы, тауарларды жеткізу тізбегі, баға белгілеуді бағалау, субсидиялау жүйесі және тауарлардың түпкілікті құнына әсер ететін өзге де факторлар зерделенетін болады", - деп хабарлады БҚДА-да.
Бұл ретте ведомство БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына (ФАО) сілтеме жасай отырып, минералды тыңайтқыштар бағасының өсуі әлемдік нарықта геосаяси жағдай, табиғи газға деген жоғары сұраныс пен бағаның құбылмалылығы нәтижесінде байқалып отырғанын атап өтті.
Бұдан басқа, пестицидтер мен ауыл шаруашылығы техникасына бағаның жалпы әлемдік өсу үрдісі байқалады.
Сонымен қатар, БҚДА ақпараты бойынша, Қазақстанда ағымдағы жылы пестицидтердің құнын арзандатуға 10,3 млрд теңге және минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 11,6 млрд теңге сомасында субсидиялар бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік: Қазақстанда егіс науқаны қарсаңында аммиак селитрасының бағасы тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін, аммофосқа - 208 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін төмендеді.