Қазақстан Өзбекстанға 60 млн долларға май-тоңмай өнімдерін жеткізеді
Бір жыл ішінде Fayz Oil Imports өзбек компаниясы қазақстандық қайта өңдеу кәсіпорындарының май-тоңмай өнімдерін 60 млн доллар сомасына сатып алуды жоспарлап отыр. Тиісті ынтымақтастық туралы меморандумға «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» ЗТБ мен өзбек компаниясы қол қойды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзбекстан қазақстандық май өнімдерін ірі импорттаушылардың бестігіне кіреді. 2024/2025 жылғы маусымда Қазақстаннан Өзбекстанға өсімдік майлары мен жоғары ақуызды жемшөптерді (күнжара мен жом) жеткізу көлемі 349 млн долларды құрады, бұл өткен маусымға қарағанда 82%-ға артық.
«ҚР 2024 жылы Өзбекстан мен Тәжікстанға негізгі өнім жеткізуші бола отырып, Орталық Азия елдеріне өсімдік майлары мен майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін экспорттау бойынша көшбасшы орнын нығайтты. Өзбекстан нарығындағы қазақстандық майдың үлесі 65%-ға (2017 жылы - 13%), Тәжікстанда - 74%-ға (2017 жылы - 15%) жетті», - деп атап өтті АШМ.
Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, Қазақстан өңір елдерін құс және мал шаруашылығы үшін жемшөп өндіруде маңызды құрамдас болып табылатын күнбағыс күнжарасымен толық қамтамасыз етеді.
«Біздің май-тоңмай өнімдеріміз әлемдік нарықта сұранысқа ие және айтарлықтай экспорттық әлеуеті бар. Бүгін біз 20-дан астам елге өнім жеткіземіз. Қазақстаннан күнбағыс майы экспортының көлемі Орталық Азия елдерінің жиынтық импортынан 1,5 есе артық, қажет болған жағдайда біз бұл нарықты толық қамтамасыз ете аламыз», - деп атап өтті Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығында.