Ақмола облысында майлы дақылдар алқаптары ұлғаяды
Ағымдағы жылы Ақмола облысында жаздық егіс 5,5 млн га алаңда жоспарлануда - бұл 2025 жылғы деңгейде. Өңірдегі дәнді дақылдар 4,6 млн га алқапқа (2025 жылғы деңгейде), майлы дақылдар - 570 мың га (2025 жылы - 499 мың га) және жемшөп дақылдарын - 370,4 мың га егуді жоспарлап отыр, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ауыл шаруашылығы өндірушілері 539,8 мың тонна тұқыммен, дизель отынымен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген. Егіс науқанына 37 мыңға жуық техника жұмылдырылады, оның дайындығы бүгінде 82%-ды құрайды, сәуір айының ортасында 100%-ға шығамыз. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 145 шаруашылықтың көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу үшін 15,4 млрд теңге бөлінді», – деп Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жөніндегі кеңесте хабарлады.
Сондай-ақ, өңірде пайдаланылмаған жерлерді қайтару және бөлу бойынша жұмыстар жалғасуда, 2026 жылы 90 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда.
«Көктемгі егіс жұмыстарынан басқа, Ерейментау ауданының зәкірлік жобаларына сүйене отырып, ет және сүтті мал шаруашылығын дамытуды жалғастыру қажет. Цифрландыру басқармасы да қатысуы тиіс: егіс мониторингі дрондармен сүйемелденетін болады», – деді талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы Ақмола облысы рекордтық 7,6 млн тонна астық жинады. Аймақ бойынша орташа өнімділік 16,3 ц/га құрады.