Қазақстан май-тоңмай өнімдері экспортынан шамамен 1 млрд доллар табыс тапты
Қазақстанның май-тоңмай саласының экспорттық кірісі 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 963 млн долларға жетті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен төрт есе артық. Бұл туралы сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов FOC 2026: Fats and Oils Conference халықаралық конференциясында мәлімдеді, деп Сауда министрлігі хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінде май-тоңмай секторы еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібінің өсуінің негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Өткен жылы май-тоңмай өнімдерін өндіру көлемі алғаш рет 1,57 млн тоннадан асты, ал қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан түсетін валюталық түсімдегі саланың үлесі 27%-ға жетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майының ірі әлемдік экспорттаушыларының қатарына кіріп, осы өнімнің әлемдік экспортының шамамен 3,6%-ды қамтамасыз етті. Ел күнбағыс майын жеткізу бойынша әлемде алтыншы және Қытай нарығындағы экспорттаушылар арасында екінші орынға ие болды.
Соңғы төрт жылда республикада күнбағыс майы өндірісі 2,3 есеге өсіп, 752 мың тоннадан асты. Сонымен қатар, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілді: егер 2015-2021 жылдары импорттық майдың үлесі орта есеппен 39%-ды құраса, бүгінде ол 18%-дан аспайды.
Қазақстандық май-тоңмай өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне жеткізіледі. Негізгі өткізу нарықтары Қытай, Орталық Азия және Еуропалық Одақ мемлекеттері болып табылады. Соңғы екі жылда республика Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларының ең ірі жеткізушісі болды, аталған елдердегі осы өнімдер импортының 90%-дан астамын қамтамасыз етті.
Сондай-ақ, вице-министр 2028 жылға дейін әзірленген май-тоңмай өнімдері экспортын дамытудың Жол картасы Қазақстанның әлемдік нарыққа қатысуын одан әрі кеңейтуді көздейтінін айтты. Алдағы екі жылда саланың экспорттық кірісі тағы 60%-ға өсіп, 1,5 млрд доллардан асады деп күтілуде.
Осы мақсаттарға қол жеткізуде көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін кеңейтеді, порт қуаттары мен теміржол инфрақұрылымын жаңғыртады, сондай-ақ отандық өндірушілер үшін жаңа экспорттық бағыттарды ашады.
Сауда министрлігінің өкілі биылғы жылы Ақтау портында алғаш рет өсімдік майын тікелей теңіз кемесіне ауыстырып тиеу жүзеге асырылғанын еске салды. Сонымен қатар, ҚТЖ қолдауымен Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы Қытайға түйіршіктелген күнбағыс ұнын тәжірибелік жеткізу басталды. Тағы бір маңызды жетістік - ел тарихында Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына күнбағыс майын флекситанктерде алғашқы контейнерлік жөнелту болды. 4700 шақырымдық бағытты небәрі 12 күнде жүріп, заманауи логистикалық шешімдердің жоғары әлеуетін растады.
Вице-министр майлы дақылдар экспортының жоғары көрсеткіштерін атап өтті. Ағымдағы маусымның қыркүйегі мен сәуірі аралығында зығыр экспорты шамамен 500 млн доллар сомасына 1 млн тоннаны құрады. Негізгі сатып алушылар Қытай мен Еуропалық Одақ елдері болды. Осы кезеңде рапс экспорты 200 мың тоннадан асты, жеткізудің негізгі бағыттары арасында — Қытай, Польша, Латвия және басқа да Еуропа мемлекеттері.
Халықаралық талдау агенттіктерінің бағалауы бойынша, өсімдік майларының әлемдік нарығы алдағы жылдары тұрақты өсуді сақтап қалатыны атап өтілді. Қазірдің өзінде әлемдік тұтыну жыл сайын 220 млн тоннадан асады және өсуді жалғастыруда.