Павлодардан ҚХР-ға күнбағыс тұқымдары бар контейнерлік пойыз жөнелтілді
Кеше Павлодар – Южный станциясынан Қытайдың Ланчжоу қаласына күнбағыс тұқымдары тиелген 54 қырық футтық контейнер жөнелтілді. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы салмағы 1400 тоннадан асатын күнбағыс тұқымдары тиелген контейнерлік пойыз "Кедентранссервис" АҚ жылжымалы құрамынан құрылған.
Компанияның мәліметінше, құрам Алашанькоу – Достық шекара өткелі арқылы өтеді. Бір бағытта жүру уақыты 7 тәулікті құрайды. Бұрын осы бағыт бойынша жеке немесе топтық контейнерлік жөнелтімдер ұйымдастырылған болатын.
"Контейнерлік пойызбен жүк жеткізу жүк иелері арасында танымал болып келеді, олардың логистикалық шығындары мен жол жүру уақыты қысқарады. Сондықтан аталған бағыт бойынша пойыз ай сайын жөнелтілетін болады", - деді "Кедентранссервис" АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Дәурен Асанов.
Тақырып бойынша оқу: Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб пайда болады
Баспасөз қызметі атап өткендей, контейнерлермен тасымалдау жүкті тасымалдаудың әмбебап түрі болып табылады. Контейнерді темір жолмен, содан кейін автомобиль немесе теңіз арқылы тасымалдауға болады. Бұл ретте жүкті сенімді және қауіпсіз жеткізу қамтамасыз етіледі.