Қазақстан Шанхайдағы көрмеде тамақ өнімдеріне арналған стендті броньдады
Қазақстан Шанхайдағы 5-10 қараша аралығында өтетін Халықаралық импорттық көрмеде "Тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі" секторында 125 шаршы метрлік стендті броньдады. Бұл туралы QazTrade хабарлады.
Қазақстандық компаниялардың экспозицияға қатысуын QazTrade, Қытай халықаралық импорттық көрмесі бюросының және ҚХР-ның ҚР-дағы Елшілігінің өкілдері онлайн-жұмыс кездесуі кезінде талқылады.
Биылғы жылы "QazTrade" АҚ ҚР сауда және интеграция министрлігінің көмегімен тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі секторында стендке тапсырыс берді. Көрмеге 25-ке жуық қазақстандық компания қатысады деп жоспарлануда.
ҚР-дағы ҚХР елшілігінің өкілі атап өткендей, Қазақстан Қытайдың негізгі стратегиялық және сауда серіктесі болып табылады. Биыл "Бір белдеу - Бір жол" бастамасына 10 жыл толады, бұл елдер арасындағы екіжақты қатынастардың маңыздылығын көрсетеді. ҚХР-ның ҚР-дағы елшілігі қазақстандық компаниялардың халықаралық импорттық көрмеге қатысуын ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендігін растады.
Өз кезегінде Қытайдың халықаралық импорттық көрмесі бюросының өкілдері 2022 жылы іс-шараға 50-ден астам мемлекет басшылары қатысып, қатысушы елдер саны 178-ді құрағанын хабарлады. Көрме аясында 350 млрддоллардан асатын мәмілелер жасалды.