27 декабря 2024 Әлем

Иран ЕАЭО-да бақылаушы мемлекет мәртебесін алды

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 26 желтоқсанда Иран Ислам Республикасына ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін берді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісім жақын арада күшіне енеді деп күтілуде. ЕЭК Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мұхаммед Атабақпен кездесуде ЕАЭО мемлекеттері мен Иран арасындағы уақытша сауда келісімінің қолданылу кезеңінде 2018 жылдан 2023 жылға дейін тауар айналымы екі есеге жуық ұлғайғанын атап өтті. 2024 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 12,8%-ға өсті, тауарлардың Иранға экспорты 16%-ға, импорт 8%-ға өсті.

2023 жылғы желтоқсанда тараптар тауарлардың 90%-на қатысты бажсыз режим белгілеуді көздейтін еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қойды.

«Жақын арада Иранмен Келісім күшіне енеді деп күтеміз, бұл біздің елдерімізге тауар айналымын және тұтастай экономикалық ынтымақтастықты тиімдірек арттыруға мүмкіндік береді. Иранмен диалогтың бірқатар бағыттар бойынша даму әлеуеті бар», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Тараптардың пікірінше, өзара іс-қимылдың неғұрлым келешекті бағыттары көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, кәсіпорындар арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейту, АӨК, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы ынтымақтастық, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер болып табылады.

Айта кетейік, Қазақстанның Парламенті ЕАЭО елдері мен Иран арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялаған болатын. Құжатта тауарлардың, атап айтқанда дәнді дақылдардың 85%-дан астамы үшін импорттық кедендік баждардың күшін жою көзделген. Келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстан Иранға 3 млн тоннаға дейін бидай мен 1,5 млн тонна арпаны бажсыз жеткізе алады. Сондай-ақ, Иран жүгері, қарақұмық, шоколад, күнбағыс майы, болат, тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық техникаларына кедендік баж салығын алып тастады.