09:15 Әлем

Қазақстан өкіліне Women in Ag халықаралық сыйлығы табыс етіледі

Неміс ауыл шаруашылығы қоғамы (DLG) мен Women in Ag журналы «Ауыл шаруашылығындағы әйелдер – 2026» сыйлығының жеңімпаздарын жариялады. Санаттардың бірінде Қазақстан өкілі Валерия Юдина жеңімпаз атанды. Марапаттау рәсімі 11 қарашада мал шаруашылығы саласындағы әлемдегі жетекші EuroTier халықаралық көрмесінде өтеді. Бұл туралы DLG хабарлады.

Women in Ag сыйлығы төрт санат бойынша беріледі: ауыл шаруашылығы, агробизнес, білім беру, технологиялар мен зерттеулер. Валерия Юдина «Білім беру» санатында бірінші орын алды.

«Валерия Юдина – білім беру және таланттарды дамыту саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар көшбасшы. Ол ауыл шаруашылығы саласына жаңа буын мамандарын даярлауға бар күшін арнады. Digital Agroleaders байқауын студенттер арасындағы жарыстан кешенді білім беру экожүйесіне айналдыру арқылы ол студенттерді, университеттерді, жұмыс берушілерді, технологиялық компаниялар мен сала сарапшыларын біріктірді. Бұл ауыл шаруашылығындағы білікті кадрлар тапшылығының күшеюіне байланысты мәселені шешуге бағытталған», – деп атап өтті DLG өкілдері.

Валерия Юдина қалыптастырған экожүйе тағылымдамадан өтуді және мамандардың халықаралық білім алу мүмкіндіктерін қамтиды. Сонымен қатар ол Қазақстанда және одан тыс жерлерде ауыл шаруашылығы саласының цифрлық трансформациясы мен ұзақ мерзімді тұрақтылығына ықпал етеді.

«Ауыл шаруашылығындағы әйелдер» сыйлығы бесінші жыл қатарынан табысталып келеді. Ол жергілікті немесе халықаралық деңгейде саланың дамуына елеулі үлес қосқан әйелдерді марапаттауға арналған. Биыл сыйлыққа 62 елден 170-тен астам әйел өтінім берген.

EuroTier 2026 халықаралық мал шаруашылығы көрмесі 10–13 қараша аралығында Ганновер қаласында өтеді. Көрменің басты тақырыбы – «Мал шаруашылығындағы интеллект». Оған 55 елден шамамен 2100 экспонент қатысады деп күтілуде.