Ауылшаруашылығы министрлігі көкөніс тиелген жүк көліктерінің тұрып қалғандығына байланысты Шымкент аумақтық инспекциясын тексеруге кірісті
Еңбеккерлер фитосанитарлық сертификаттардың уақтылы берілмеуіне шағымданғандықтан Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Шымкенттегі агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекциясын тексеруді бастады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде айтылған шағымдардың негізінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Шымкент қаласының аумақтық инспекциясына тексеру жүргізуге бастама көтерді», — деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Аталған департаменттің хабарлауы бойынша, Түркістан және Шымкент қалаларындағы аумақтық инспекциялар фермерлердің фитосанитарлық сертификаттар беруге жаппай жүгінуіне байланысты қосымша жұмыс уақытына ауысқанын айтты. Өтінімдердің күрт артуына және фитосанитариялық сертификаттарды беруді тездетуге байланысты басқа өңірлерден қызметкерлер оңтүстікке жіберілді.
«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторлары өсімдік өнімдерінің экспорты үшін 10 мыңнан астам фитосанитариялық сертификаттар, оның ішінде ерте пісетін қырыққабатқа 2,5 мың сертификат берді», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қырыққабатты экспорттауға қажетті құжаттарды Түркістан облысы мен Шымкенттің барлық аудандық аумақтық инспекциялары береді. Мамыр айында оларға 2,7 мыңнан астам өтініш түсті, сарапшылардың қарауынан кейін 2,7 мыңнан астам фитосанитарлық және 164 карантиндік сертификаттар берілді. Әрбір инспектор күн сайын фермерлерден келіп түскен 40-қа жуық өтінімді қарастырады, бұл сәуір айымен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Фитосанитариялық сертификаттарды беру немесе беруден бас тарту қатаң түрде Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» заңнамасының талаптарына сәйкес беріледі, өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күнінде жауап қайтарылады.
Бұған дейін қазақстандық БАҚ-та көкөніс тиелген 30-дан астам жүк көлігі фитосанитариялық сертификаттардың жоқтығынан Ресей мен Беларуссияға бара алмай жолда тұрғандығы жайлы ақпарат пайда болған еді. Жүк көлік жүргізушілерінің айтуынша, аумақтық инспекция құжаттарды беру уақытын созуда, ал аталған құжатсыз олар шекарадан өте алмайды. Мәселе шешіліп жатқан кезде, өнімдер шіри бастаған.
Айта кету керек, жаңа қырыққабат жинау басталғаннан бері Түркістандық диқандар оны өткізе алмай қиындықтарға тап болды. Қазақстан Республикасында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты көкөністерді экспорттауға тыйым салынғаннан кейін бұл қырыққабаттар қажетсіз болып қалды, фермерлер қырыққабаттарын 10 теңгеге де сата алмады. Фермерлердің көптеген шағымдарынан кейін аталған мәселені шешу үшін үкімет араласты.