АШМ фитосанитарлық сертификаттарды беру мерзімін азайтты
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық сертификаттарды беру мерзімін бес күннен үш күнге түсірді. Ал тез бұзылатын өнімдердің уақытын үш сағатқа дейін қысқартты. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс брифингте мәлімдеді.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес карантиндегі өнімнің экспорты үшін фитосанитариялық сертификат беру мерзімі бес жұмыс күні. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға барынша көмек көрсету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қызметтерді ұсыну мерзімін бес күннен үш күнге дейін қысқартуға шешім қабылдады», - деді Марс.
Оның айтуынша, кеше тиісті өзгерістер заң органдарында тіркеліп, алдағы 10 күнде заңды күшіне енеді.
Алайда тез бұзылатын өнімдерге құжат беру өтініш бергеннен кейін үш сағат ішінде жасалады. Сонымен қатар бұл өнімдерге сертификаттар демалыс күндері де берілетін болады.
«Біз тез бұзылатын өнімдерге құжат беретін барлық аумақтық бөлімшелерге тапсырмалар бердік. Біз жұмыс уақытын кешкі сағат 17.30-дан 20.00-ге дейін ұзарттық, сонымен қатар тез бұзылатын өнімдерге қағаздар демалыс күндері, яғни сенбі, жексенбі күндері де берілетін болады», - деді спикер.
Сонымен қатар, бүгінде оңтүстік өңірлерде өнім жаппай экспортқа жіберіліп жатқанын ескеріп, Түркістан облысы мен Шымкентте қағазбастылық рәсімдері мүмкіндігінше жеңілдетілді.
«Түркістан облысында Мақтаарал ауданынан шығатын тас жолда тез бұзылатын өнімдері бар көліктерге сол жерде бірден құжат беретін пост ашылды. Сондай-ақ, Шымкенттің кіреберісінде үлкен көліктік-логистикалық орталық бар, онда тауарлар тексеріледі және фитосанитарлық сертификаттар беріледі», - деді Алмабек Марс.
Бұған дейін Түркістан облысында ондаған жүк көліктері құжаттарды ала алмағандықтан тез бұзылатын өнімдерді алып кетеалмаған. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін АШМ Шымкенттегі агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекцияны тексеруді бастады.
Аталған жағдайдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөністерге, жемістер мен жидектерге фитосанитариялық сертификаттарды беруді үш сағатқа дейін қысқартқанын хабарлады.