Түркістан облысының бақшаларында лимон және анар өсірілуде
Түркістан облысындағы Қажымұқан ауылдық округінде «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі 2017 жылдан бастап тропикалық жеміс-жидектер мен алма өсірумен айналысады. Биылғы жылы фермерлер 20 тонна лимон жинауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.
Қазіргі уақытта шаруашылықта анар -1 га, алма – 3 га және лимон-0,5 га алқапқа егілді. Аталған шаруашылықта Сейдазимов Елнұр 1000 түп анар, 6 мың түп алма, 707 лимон ағашын өсіріп отыр.
Шаруашылық осы жылы 20 тонна лимон жинауды жоспарлап отыр. Былтырғы жылы жаңадан отырғызылған жас талдар 4 тонна жеміс берді.
Сонымен қатар, ӨКҚ –тың мәліметі бойынша, аудан көлемінде қарқынды түрде өсетін бау-бақша ағаштарын отырғызу көлемі артып келеді, олардың аумағы бүгінде 400 гектарға жуық екенін айтты. Қажымұқан ауылдық округінде «ҚазГарден» ЖШС 240 гектар жерге бақ отырғызуды бастады, осы мақсаттарға компания 2 миллиард теңге жұмсайды. Бүгінгі таңда серіктестіктің бағы 60 га жерді алып жатыр, оның ішінде 11 га алма ағаштары өседі, 49 га жеміс-жидек дақылдары егеді. Кәсіпорында тұрақты түрде төрт адам жұмыс істейді, ал тағы 55 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.