Түркістан облысы әкімі үкіметтен қараққабатты сыртқа шығаруға көмектесулерін сұрады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін Үкіметке фермерлер өз өнімдерін Ресейге сата алмай отырғандығын жеткізді, соған байланысты қырыққабатты сыртқа шығаруға жәрдем берулерін өтінді.
«Біздің өңірдің аграршылары 300 мың тонна қырыққабат өсірді. Бірақ қазір Ресейден сұраныс күрт азайды. Біз барлық облыстармен меморандумдар жасасқан едік, алайда қазір қырыққабаттың бір килограмының бағасы 10-15 теңгеге дейін төмендеді», — деді Өмірзақ Шөкеев бүгін Үкімет отырысында.
Фермерлердің бұл мәселені көтеріп жатқандығы айтылды, бірақ ешқандай жауап болмай отыр, деді облыс басшысы.
«Мүмкін, бұл мәселені ресейлік логистикалық компаниялармен бірлесе шешу керек шығар. Сату үшін 250 мың тонна қырыққабат бар. Бірақ аграршылар қайда өткізерлерін білмей отыр», — деді облыс әкімі.
Осы жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өнімдерді сыртқа әкету туралы мәселе Ресей тарапымен талқыланып жатқанын айтты, бірақ әзірше шешілмегендігін жеткізді.
«Қырыққабат туралы біз қазір Ресей елшілігімен сөйлесіп жатырмыз. Олар да сатып алушы тараптарды іздеуде, бірақ Ресейдегі карантинге байланысты бәрі жабық», — деді ол.
Премьер-министр Асқар Мамин АШМ-ге осы мәселені жан-жақты қарастырып шешу керектігін тапсырды.
Әлеуметтік желілерде осы жағдайға байланысты бейне роликтер пайда болды, онда фермерлер егіннің түсімін көрсетіп, қырыққабаттың бір килограмын 10 теңгеден де алмай жатқандарын айтты. АШМ олардың жазған өтініштеріне жауап ретінде ҚР-да қырыққабатты экспортқа шығаруға тыйым салынбағанын, бірақ оны шығаруға квоталар енгізілгенін мәлімдеді.