АШМ: көкөніс өсірушілерге форвардтық қаржыландыру қажет
Түркістан облысы қазақстандықтарды ерте көкөністермен қамтамасыз ету үшін үлкен әлеуетке ие. Сондықтан фермерлерді көбірек қолдау үшін форвардтық қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңірде өткен республикалық семинар-кеңесте мәлімдеді, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
Ведомствода мәлімдегендей, министрлік жүйелі негізде азық-түлік тауарлары қорына мониторинг, өндіріс пен тұтыну теңгерімін жүргізеді.
"Қажет болған жағдайда біз өңірлерді қажетті өнімдермен толық қамтамасыз ету мақсатында облыстар арасында тауарларды қайта бөлуді жүзеге асырамыз", - деді кеңесте Ербол Қарашөкеев.
Әкімдіктердің деректері бойынша ағымдағы жылдың 20 сәуіріне республика бойынша картоп қоры 204 мың тоннаны, сәбіз 44,7 мың тоннаны, қырыққабат 28,6 мың тоннаны, пияз 36 мың тоннаны құрайды.
Сонымен қатар, Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабат жинала бастады – шамамен 198 мың тонна жинау жоспарлануда. Мамыр айының ортасынан маусымға дейін 174 мың тонна көлемінде ерте пісетін картоп және 55 мың тонна пияз жиналады деп күтілуде. Маусым айында 45 мың тонна сәбіз жинау жоспарланған.
"Жеміс - көкөніс және ерте пісетін өнімдерді өндіру үшін жеткілікті жұмыс күші бар Түркістан облысының әлеуеті зор және республикалық ауқымдағы негізгі өндірушілердің бірі болып табылатынын атап өту қажет", - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Тақырып бойынша оқу: Үкіметте ауданы 500 га жылыжай жобасы таныстырылды
Министр тұрақтандыру қорлары мен айналым схемасы қаражаты шеңберінде Түркістан облысының шаруаларын форвардтық қаржыландыру бойынша жұмысты жолға қою қажеттігін айтты. Бұл шара өндірушілерді қолдауға, оларды өткізу нарықтарына шығаруға, тауарлар тапшылығының және азық-түліктің бақылаусыз қымбаттауының алдын алуға мүмкіндік береді.
АШМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, Түркістан облысының әкімдігі мен облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін сату бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл көкөніс дақылдарына маусымаралық кезеңде бағаның өсімін болдырмауға, сондай-ақ ішкі нарықты көкөніс және картоп өнімдерімен қамтуға мүмкіндік береді. Түркістан облысының әлеуеті республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте пісетін картоппен, пиязбен, сәбізбен және қырыққабатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.