Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 20 млрд теңге бөлінеді
"Жасыл Даму" АҚ қаражатынан отандық өндірістің өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 20 млрд теңге бөлінетін болады. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды.
Бөлінген қаражатқа фермерлер лизингке 500-ден астам техника сатып ала алады: 80-нен астам комбайн және 450 трактор.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың тамызында ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алудың жаңа бағдарламасы іске қосылды. Техника 6% және 10 жылға дейін беріледі. Бір лизинг алушыға қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден аспайды. Бір фермер жеңілдікті шарттармен үш бірліктен аспайтын өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Қаржыландыруды екі жыл ішінде бір рет қана алуға болады.
"Өткен жылы 900-ге жуық аграрий жылдық 6%-бен бастапқы жарнасыз қысқа мерзімде лизингке 1053 техника сатып алды: 176 комбайн және 877 трактор", - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі техникалық регламенттерде белгіленген экологиялық талаптарға сәйкес келетін және барлық қажетті сәйкестік сертификаттары бар техника лизингке берілетінін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, жалпы ҚР-да ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгеден асады.
Естеріңізге сала кетейік, жуырдағы халыққа Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыруды тапсырған болатын.