20 мая 2024 Ауылшаруашылық техникалары

Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер үшін дизель отынын бөлу ережелерін өзгертті

Ауыл шаруашылығы министрлігі мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау Қағидаларына және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін мұнай өнімдерінің көлемін қалыптастыру және бөлу Қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлек өтінім берудің орнына бірыңғай электрондық өтінім беру көзделген, бұл шаруалар үшін дизель отынына квота алу рәсімін оңтайландыруға және жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аграршылардың ұсыныстарын ескере отырып, өтінім беру мерзімі 20-дан 30 күнге дейін ұзартылды», - деп түсіндірді АШМ.

Сондай-ақ дақылдар түрлері бойынша және бір гектарға дизель отыны шығысының бірыңғай базалық нормативтері алынып тасталды.

«Бұрын Ережеге қосымшамен бекітілген дизель отынын тұтынудың бірыңғай базалық нормативтері өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларының ерекшеліктерін ескермеген және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан көптеген шағымдар тудырған. Ереженің жаңа редакциясында дизель отынын тұтыну нормативтері аграрлық бейіндегі ғылыми ұйымдардың ұсынысы негізінде өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленетін болады», - деп атап өтті ведомствода.

Бұдан басқа, операторлар іске асырмаған дизель отынының қалдықтарын толық және мақсатты пайдалану үшін ережеге жеңілдетілген дизель отынының қалдықтарын пайдалануға болатын агротехникалық жұмыстардың қосымша түрлері бойынша нормалар енгізілген.