Агромашхолдинг Түркістанда ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін ашуды жоспарлап отыр
«Агромашхолдинг» АҚ Түркістанда ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен компания президенті Динара Шүкіжанова талқылады, деп облыс әкімдігінде хабарлады.
Жақын арада компания мамандары өндірістік үй-жайлармен танысу және жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасау үшін өңірдің индустриялық паркіне барады. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіруде АҚШ пен Қытай технологияларын пайдалану жоспарлануда.
"Түркістан облысы – аграрлық өңір. Ауылшаруашылық техникасына сұраныс өте жоғары. Сондықтан біздің аумақта мамандандырылған зауыт пен қызмет көрсету орталығын ашу тиімді шешім болады. Біз ғимаратты, жерді және қажетті инфрақұрылымды бөлу түрінде толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірлескен жұмысқа дайынбыз", – деді Нұралхан Көшеров.
Әкімдіктің мәліметінше, облыста 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның 3 мыңы ескірген және 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Осы мәселені шешу мақсатында алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы техникасы паркін 35%-ға жаңарту жоспарлануда.