ҚазАгроҚаржы жеңілдікті лизинг бағдарламасына өтінімдерді қабылдайды
«ҚазАгроҚаржы» «Қазақстанда жасалған» ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизинг бағдарламасына өтінімдерді қабылдауды бастады, деп компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы алғаш рет 2020 жылдың сәуір айында іске қосылды және ол «ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы аясындағы ең танымал бағдарламалардың бірі болып саналады. Бағдарламаның шарттары техниканы 6% жеңілдікті мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі ұзақ қаржыландыру мерзіміне және лизинг затының құнының 15% мөлшеріндегі төмен бастапқы жарнамен сатып алуға мүмкіндік береді.
2024 жылы «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша аграрийлер 10,5 млрд теңгеге 336 техниканы лизингке алды. Тракторлар мен комбайндар жоғары сұранысқа ие болды. Жалпы, бағдарлама қолданысқа енгізілген сәттен бастап аграрийлер 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Сонымен қатар, биылғы жылы «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы жұмыс істейді, оның аясында фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен, 7 жылдан аспайтын мерзімге, бірінші лизинг төлемін 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін кейінге қалдыру мүмкіндігімен сатып ала алады. Бұл бағдарламаға 2025 жылы 200 млрд теңге бөлінген.
«Қазақстанда жасалған» және «Жеңілдікті лизинг» бағдарламалары бойынша өтінімдерді қабылдау telegram-бот арқылы мына сілтеме бойынша жүзеге асырылады: https://t.me/kaz_agro_finance_bot. Өтінім бергеннен кейін бес жұмыс күні ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына құжаттардың толық пакетін ұсыну қажет.