Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауытының құрылысы басталды
Жамбыл облысының индустриалды аймағында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауытының құрылысы басталды. Жобаның инвесторы Kaz FM World agriculture machinery (ҚХР) болып табылады, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорынға салынған инвестиция сомасы 3 млрд теңгені құрайды. Зауыт жылына 2 мың бірлікке дейін ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін болады. Тракторлардың, күріш жинайтын, мақта жинайтын комбайндардың, тіркеме жабдықтар мен сепкіштердің 8 түрін шығару жоспарлануда.
Сондай-ақ, индустриялық аймақта су үнемдеу технологиялары саласындағы жобаларды іске қосу жоспарланған. Akplas компаниясының жобасы жылына 200 мың гектарға дейін суаруға арналған ирригациялық жабдықтар шығаратын зауыт салуды көздейді.
Тағы бір маңызды жоба - Hualing Group Co. Ltd. компаниясының (ҚХР) жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауытын салу. Инвестициялар 10 млрд теңгені құрайды, жылына 200 машина шығару жоспарлануда.