17:20 Ауылшаруашылық техникалары

Еуропа мен Канада компаниялары Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді іске қосады

Қазақстанда John Deere американдық брендінің техникасы өндірісін сәтті оқшаулағаннан кейін Еуропа мен Канададан серіктес компаниялар осындай жобаларды іске асыруға дайындалуда. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

«Өткен жылдың қараша айында мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында John Deere-мен 3 мыңнан астам техника өндірісін оқшаулау және сервистік орталықтар құру туралы стратегиялық келісімге қол қойылды. Ағымдағы жылы John Deere-ден кейін оқшаулауға Еуропа мен Канададан серіктес брендтерді қосу жоспарлануда», - деді министр.

Ол ауыл шаруашылығы машина жасау саласында тұрақты оң динамика сақталатынын атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша өсім 30,4% құрады. Бүгінгі таңда отандық өндірушілер ішкі нарықтың 90%-на дейін қамтамасыз етеді.

Елде 12 маркалы тракторлар шығаратын 10 зауыт, сондай-ақ жылына жалпы қуаты 35 мың бірлікке дейінгі аспалы және тіркемелі жабдықтар шығаратын 20-дан астам кәсіпорын бар.