08:30 Ауылшаруашылық техникалары

Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны артып келеді

Қазақстан фермерлері қауымдастығы отандық ауыл шаруашылығы машина жасаушыларды қолдауды әрдайым маңызды бағыттардың бірі деп санайды. Бүгінде бұл сала аграрлық секторды жаңғыртуда, ауылдағы еңбек өнімділігін арттыруда және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарады.

Соңғы жылдары Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Бұрын техника паркін жаңарту деңгейі шамамен 3 пайызды құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,7 пайызға жетті. Бұл – оң нәтиже. Дегенмен, алдағы уақытта атқарылар жұмыс әлі де көп.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейін жыл сайын 8–10 пайызға жеткізу міндетін қойды. Техниканы жүйелі түрде жаңартпайынша ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету қиын.

Осы міндетті жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан бірқатар маңызды бағдарламалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған жеңілдетілген лизинг бағдарламалары кеңінен қолданылуда. «Бәйтерек» холдингі арқылы және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингтік қаржыландыру жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі – мемлекет пайыздық мөлшерлеменің 19–20 пайызын субсидиялау арқылы фермерлер үшін техниканы қолжетімді етеді.

Бұл бағытта қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 250 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа 400 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда 300 мыңнан астам фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына егін егу, жер өңдеу, тыңайтқыш енгізу, өнім жинау және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін заманауи техника қажет. Сондықтан техникамен қамтамасыз ету мәселесі фермерлер үшін аса өзекті.

Осы тұрғыдан алғанда, отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласының дамуы ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуға және жалпы аграрлық саланың дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың қатарында бүгінгі таңда отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласының флагманына айналған кәсіпорындар бар:

Қостанай қаласында «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ

Түркістан қаласында «Kaz Kioti» ЖШС

Семей қаласында «СемАЗ» ЖШС

Көкшетау қаласында «Қазақстандық агро инновациялық корпорация» ЖШС

Петропавл қаласында «КАЗТЕХМАШ машина жасау зауыты» ЖШС

Петропавл қаласында «СТ Эсэмбли» ЖШС

Қостанай қаласында «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС

Астана қаласында «Kazrost Engineering Ltd» жеке компаниясы

Бұл кәсіпорындардың инженерлері, конструкторлары, жұмысшылары мен басшылығы еліміздегі ауыл шаруашылығы машина жасау саласының дамуына үлкен үлес қосып келеді. Олар өндірісті кеңейтіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізіп, жүздеген жұмыс орындарын ашып отыр.

Көптеген кәсіпорындарда 200-ден 400-ге дейін адам еңбек етеді. Жұмысшыларға барлық қажетті жағдай жасалған: арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз ету, арнайы құрал-жабдықтар беру, тегін тамақ ұйымдастыру. Мысалы, Қостанай трактор зауытында жұмысшыларға арналған жатақхана салынып, үш мезгіл тамақ берілуде. Бұл – кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Сонымен қатар бұл кәсіпорындар Беларусь, Қытай, Германия, Ресей және АҚШ сияқты елдерден ауыл шаруашылығы техникасын әкеліп, Қазақстанда локализация жасап, құрастыру жұмыстарын жүргізуде. Соның арқасында фермерлер заманауи техниканы қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Маңызды жобалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында 2,5 миллиард доллар көлемінде стратегиялық серіктестік туралы келісімнің жасалуы. Бұл құжатқа сәйкес, алдағы бес жыл ішінде «АгромашХолдинг KZ» АҚ өндірістік алаңдарында кемінде 3000 бірлік John Deere ауыл шаруашылығы техникасын шығару жоспарланып отыр.

Қазақстан фермерлері қауымдастығы аталған кәсіпорындармен тығыз және белсенді түрде ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Қауымдастық олардың қызметін фермерлер арасында кеңінен насихаттап, өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал етуде.

Біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек: отандық тауар өндірушілерді, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорындарды қолдау – ел экономикасын қолдау деген сөз. Кейде бұл салаға қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Алайда біз керісінше өзіміздің кәсіпорындарға моральдық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да қолдау көрсетуіміз керек. Өйткені олар фермерлердің жұмысын жеңілдетіп, ауыл шаруашылығының дамуына нақты үлес қосып отыр.

Сонымен қатар бұл салаға жас мамандарды тарту мәселесі де маңызды. Бүгінде кәсіпорындарға электрик, токарь, сварщик, инженер, механик сияқты мамандар қажет. Сондықтан жастарды техникалық мамандықтарға бағыттап, машина жасау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлу керек.

Отандық ауыл шаруашылығы машина жасау саласын дамыту – еліміздің аграрлық болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қазақстан фермерлері қауымдастығы алдағы уақытта да отандық машина жасаушыларды қолдауды жалғастырып, фермерлер мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында жұмыс істей береді.

Бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана біз ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайта аламыз.

Ермек Әбуов, Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары