15:30 Ауылшаруашылық техникалары

ҚазАгроҚаржы 20 млрд теңге исламдық инвестиция тартады

«ҚазАгроҚаржы» АҚ мен Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясы (ICD) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім компанияға аграршыларды қолдау үшін 20 млрд теңгеге дейін ислам қаржыландыруына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ICD баспасөз қызметі хабарлады.

Қаражат ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды қаржыландыруға, сондай-ақ негізгі қорларды жаңартуға бағытталатыны атап өтілді.

ҚАҚ мәліметтері бойынша, қаржыландыру компанияның клиенттеріне Иджара исламдық лизинг механизмі бойынша тартымды жеңілдікті шарттармен берілетін болады. Мәміле бойынша барлық параметрлер алдын ала анықталады, шарттың бүкіл мерзіміне белгіленеді және исламдық қаржыландырудың қатаң этикалық стандарттарына толық сәйкес келеді.

ҚазАгроҚаржы тәуелсіз директоры Рустам Абдусаламовтың айтуынша, компания қазақстандық агроөнеркәсіпті қолдау құралдарын кеңейтуді жалғастыруға ниетті.