АШМ Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауды арттыруды ұсынады
Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселесі әлі де болса шешілмей төменгі деңгейде қалып отыр. Аталған жағдайды жеделдету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің техника сатып алуын субсидиялау үшін жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат жұмсауды ұсынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 142 мың бірлік трактор, 4,3 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 73 мың тұқым сепкіш және 221 мың топырақ өңдеу құралдары қолданылған.
«Қолда бар 142 мың трактордың 75% - ының амортизациялық пайдалану мерзімі 15 жылдан астам және 35 мың трактор (25%) ғана өндірісте толыққанды пайдаланылды деп айтуға болады, бұл тракторлардың әбден тозғандығын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мәселесін талдау барысында Ақтөбе облысын қоспағанда, өңірлердегі техникаларды жаңарту ең төменгі деңгейде екендігін көрсетіп, 6% жетпейтіндігі анықталды», - деді министр.
Техникаларды жаңартудың жоғары деңгейі Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарында, ал ең төменгі деңгей Алматы, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында байқалатынын атап өтті. 2020 жылы жаңартудың орташа деңгейі 4,1% - ды құрады.
Тақырыпқа байланысты оқу: Кәдеге жарату үшін темір терсек жинау Қазақстандағы АӨК саласының тиімділігін төмендетуде
Техникаларды жаңарту қарқынын тездету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы республикалық бюджеттен басқа, жергілікті бюджеттердің қаражатын алуды ұсынды және ауыл шаруашылығы техникасының көптеген түрлерін, оның ішінде кооперативтік бірлестіктер үшін сатып алуға субсидиялау нормативтерін қосымша 50% - ға дейін ұлғайтуды ұсынды.
Сондай-ақ, Сапархан Омаров ағымдағы жылы фермерлердің отандық техникаға деген сұранысы артқанын атап өтті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, мамыр айында отандық кәсіпорындар 1,6 мыңнан астам трактор өндірген, бұл 2020 жылғы деңгейден 3,2 есе көп. Бұған бастапқы жарна үшін инвестициялық субсидияны пайдалану және отандық техниканы несиелендірудің жеңілдетілген бағдарламалары ықпал етеді.
Егін жинау науқаны басталғанға дейін Acros және Essil комбайндарын өндіруді арттыру, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында CLAAS комбайндарын өндіруді бастау жоспарланып отыр.
Үкіметте техниканы сатып алу серпініне ағымдағы жылдың мамыр айында бекітілген қажетті техника үшін 30% - ға дейін инвестсубсидия нормативінің ұлғаюы әсер етеді деп күтуде.
«Біз жыл соңына қарай машина-трактор паркін жаңартуды 4,4% деңгейге жетеді деп үміттенеміз, бұл Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға ықпал ететін болады», - деп сөзін қорытындылады Сапархан Омаров.