ИИДМ CLAAS и HORSCH техникасын құрастыру бойынша инвестициялық келісімге қол қойды
CLAAS концерні мен оның Қазақстандағы эксклюзивті импорттаушысы- CT AGRO компаниясы бірігіп, ҚР-да ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «CT Assembly» атты кәсіпорнын құрды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Серік Оспанов пен CT Assembly бас директоры Мұрат Отарбаев CLAAS және HORSCH ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бойынша арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Жасалған келісімдерге сәйкес, CLAAS концерні мен оның Қазақстандағы эксклюзивті импорттаушысы – CT AGRO компаниясы құрған CT Assembly бірлескен кәсіпорны Петропавлда CLAAS және HORSCH ауыл шаруашылығы техникасын құрастырудың бес жылдық жоспарларын жасады. Атап айтқанда, TUCANO 580, 450 және 430 модельдерін, CLAAS астық жинау комбайндарын, CERIO техникасын және CLAAS XERION 4500 тракторларын, сондай - ақ HORSCH егіс кешендерін шығару туралы келісіп жатыр», - деп хабарлады ИИДМ.
Аталған ведомствоның ақпараты бойынша, келісімшартты іске асырудың алғашқы кезеңінде өндірістік мәселелерді шешу жоспарлануда. Осы кезең аралығында 100 бірлік Tucano комбайндарын шығару көзделуде.
Кейіннен кезең-кезеңімен ауыл шаруашылығы техникасының әр түрі жасалып, технологиялық операциялар енгізілетін болады. Атап айтқанда, тракторларды құрастыру үшін 2022 жылдың қыркүйек-қазан айларында XERION тракторларын шығару жұмыстарын бастау және іске қосу-жөндеу жұмыстары жасалады, сондай-ақ гидравлика қозғалтқыштары мен жүйелеріне техникалық тексеру басталады.
Тақырыпқа байланысты оқу: Петропавлда маусым айында CLAAS зауытының құрылысы аяқталады
Кейінгі жылдары Қазақстан аумағында өнеркәсіптік техникаларды құрастыру бойынша орындалатын жұмыстардың көлемі де, шығарылатын ауыл шаруашылығы машиналарының саны да артып, TUCANO астық жинау комбайндары мен XERION тракторлары көп жасалатын болады.