Жасыл даму кәдеге жарату алымын қабылдауды тоқтатты
Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің жаңа операторы "Жасыл даму" АҚ "Оператор РОП" ЖШС-ға қатысты тергеу жүргізілуіне байланысты қызмет көрсетуді уақытша тоқтатты. Бұл туралы ElDala.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Құзыретті органдардың "Оператор РОП" ЖШС-ға қатысты тексеру іс-шараларын жүргізуіне, сондай-ақ өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру бойынша функцияларды бұрынғы оператордан "Жасыл Даму" АҚ басқаруына беру процесінің аяқталмауына байланысты қызмет көрсету уақытша тоқтатылды.
Атап айтқанда, кәдеге жарату төлемдерін қабылдау, ІШКҚ/ІШАШТ қабылдау, ескі техниканы кәдеге жаратуға тапсырғаны үшін өтемақы төлеу, қалдықтарды жинаушыларды, тасымалдаушылар мен қайта өңдеушілерді субсидиялау және экологиялық кодексте көзделген басқа да түрлер тоқтатылды.
"Өз тарапымыздан барлық ұйымдастырушылық және заңдық процестер аяқталғаннан кейін, серверлік бағдарламалық қамтамасыз етуге толық қол жеткізгеннен кейін, "Жасыл Даму" АҚ-ның барлық міндеттемелері орындалатынына сендіреміз. Мұны қазір бізге байланысты емес себептер бойынша жасау мүмкін емес", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Қазақстанның бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "Оператор РОП" ЖШС кәдеге жарату алымы операторының басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевті екі айға қамауға алуға санкция берді. Олардың ұсталғандығы 26 қаңтарда белгілі болды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі олардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Кейін "Оператор РОП" Басқарушы директоры Руслан Шәмшиев өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат пайда болды. Нұр-Сұлтан полициясының хабарлауынша, аталған факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу).