Ресей Қазақстанға астықтың заңсыз түрде экспортталуын бақылауды күшейтуде
Ресей Федерациясы Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысымен болған онлайн жиналыста одан астық және басқа да ауылшаруашылық өнімдерінің Қазақстанға экспортталуын бақылауды күшейтуді сұрады. Бұл туралы Омбы облысының үкіметі хабарлады.
Россельхознадзордың мәліметі бойынша, былтырғы жылы Омбы астығынан экспортқа 510 мың тонна шығарылған еді, оның ішінде Қазақстанға 244 мың тонна жіберілді. Сонымен қатар, жыл бойы өнімдерді әкету тәртібін бұзушылықтың 300-ге жуық жағдайы анықталды, осы жылдың бірінші тоқсанында 70 факт тіркелді.
«Біз 2020 жылдың наурызында өнеркәсіп өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстанға астық экспортын жіберуді бақылау туралы шешім қабылдадық. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесе отырып олар шекара бекеттері арқылы көлік құралдарының өтуін Россельхознадзор департаменті ілеспе құжаттарды тексергеннен кейін ғана жүргізетін болады. Аталған жұмыстың бір жарым айында астықты сатудың ең белсенді уақытында біз фитосанитариялық сертификаттарсыз 214 астықты экспорттау фактісін тоқтаттық», — деді Бурков.
Болжам бойынша, астық жиналғаннан кейін - қыркүйектен желтоқсанға дейін - 200 мың тоннадан астам астық Ресей мен Қазақстан шекарасы арқылы ғана экспортталады. Нәтижесінде бюджет кем дегенде 30 миллион долларды жоғалтады.
Осы жағдайға байланысты Омбы облысының губернаторы Россельхознадзорға шекара бекеттерінде автомобиль және өзенде жүретін көліктерді тоқтату құқығымен Ресей Федерациясынан тыс жерлерде карантиндік өнімдерді бақылау функциясын беруді ұсынды.
Сонымен қатар, ол өсімдік шаруашылығы өнімдерінің шекарасы арқылы қозғалысты бақылаудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынды.
«Біз Ресейдің Argus-Fito ақпараттық жүйесін және Қазақстанның ЕАСУ-і арқылы астық дақылдарының өнімдерін шекара арқылы өтуін бақылау үшін біріктіруді ұсынамыз. Бұл тақырып екі жақты сұхбатта көтерілген болатын. Бұл жұмысты барлық өсімдік дақылдарын жеткізудің бақылау жүйесі болу үшін жасау қажет», — деді Александр Бурков.
Сонымен қатар, губернатор Ресей Федерациясының ФҚҚ мен Россельхознадзордың шекара қызметі өзара бірлесу үшін регламент дайындау қажет деп санайды, осылайша өсімдік шаруашылығы өнімі бар көліктер фитосанитарлық қадағалау қызметінің шешімінен кейін ғана өтеді.
Өз кезегінде Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Дмитрий Патрушев қол астындағы қызметкерлерге Омбы губернаторының ұсыныстарын талқылауды тапсырды.
Ол сондай-ақ Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі астық нарығын бақылауды және қауіпсіздік жүйесін әзірлеуді жалғастырып жатқандығын айтты.
«Бұл жүйені енгізу шикізат пен тамақ өнімдерінің қайдан шыққанын, жасалған орнын, қайда жеткізілетінін анықтауға, сапасы төмен тауарлардың шығатын орындарын табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауылшаруашылық шығындардың қаупін азайту үшін заманауи сақтау инфрақұрылымын дамытуды жақсартады. Алайда бұл жүйені енгізу ұзақ мерзімге созылуы мүмкін», — деді Дмитрий Патрушев.