Ауыл шаруашылығы министрлігі контрабандашылар туралы ақпаратты полицияға береді
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі мен Россельхознадзор астықтың қозғалысы туралы деректерді салыстыра бастады. Контрабандалық тасымалдарды көрсететін фактілер анықталған жағдайда ақпарат одан әрі тергеп-тексеру үшін құқық қорғау органдарына берілетін болады. Бұл туралы 29 қыркүйекте Eurasian Agricom халықаралық астық конференциясында АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс хабарлады.
"Біз Россельхознадзорға биылғы жылы біздің ресми деректеріміз бойынша астық пен оны қайта өңдеу өнімдерін әкелген трейдерлердің, кәсіпкерлердің, ЖШС-нің барлық тізбесін жібердік. Қазір Россельхознадзор мен мемлекеттік инспекция комитеті арасында салыстырудың белсенді кезеңі жүріп жатыр. Егер күмәнді мәліметтер, көлік құралдарының нөмірлері бойынша алаңдаушылық және т.б. болса, біз салыстыру үшін Шекара қызметіне жүгінеміз", - деді мемлекеттік инспекция комитетінің басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанға ресейлік астықтың белсенді әкелінуі байқалады. Тек екі жарым аптаның ішінде 360 мың тонна болды.
"Егер Россельхознадзормен салыстыру жұмыстары кезінде қандай да бір нюанстар анықталса, біз барлық материалдарды дереу құқық қорғау органдарына береміз",- деп сендірді Алмабек Марс.
Ол сондай-ақ қазіргі уақытта ҚР-да астықты қадағалау жүйесі әзірленіп жатқанын, оны 2023 жылы енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Тасымалдауға арналған фитосанитариялық және карантиндік сертификаттарды беру осы жүйеде тіркеу болған кезде ғана жүргізілетін болады.